Елімізде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың кешенді жоспары қабылданбақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған «Бала қорғау» кешенді жоспары бекітілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкіметтің қаулы жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

Құжатта жобаны қабылдауға тиісті құқықтық актілер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормалары, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері, Президенттің, Президент Әкімшілігі, Үкімет және Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары негіздеме саналатындығы аталып өтілген.

«Жобаны іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттердің кірістерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздемейді. Осы жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарларға әкеп соқпайды», - делінген Үкіметтің түсіндірме жазбасында.

Аталған қаулы жобасының мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балаларға уақтылы білікті көмек көрсету, сондай-ақ 2023-2025 жылдарға арналған балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдау жөніндегі жүйені құру.


Соңғы жаңалықтар