Елімізде балалар құқығын бұзатын ақпараттармен күрес қалай жүргізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылы интернет жүйесінде балалар құқығын бұзумен байланысты 6,4 мың жағдай анықталған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің депутаттық сауалға жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Порнографияның таралуы - 3779; есірткі және психотропты заттарды және олардың баламасын насихаттау - 1851; адам жасына қатысты заң нормаларын бұзу – 506; суицидті насихатту жағдайы - 133; қатігездік пен зорлық-зомбылықты насихаттау - 125; адам денсаулығына, баланың адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпарат орналастыру - 43; кәмелеттік жасқа толмаған баланың тұлғасын анықтауға қатысты ақпарат тарату жағдайы 19 рет кездескен», - делінген Асқар Маминнің депутат сұрағына берген жауабында.

Ол интернет ресурстан баланың құқығын бұзуға қатысты 1,5 мың материал («В Контакте» - 1491, «Instagram» - 17 «Facebook» - 4) өшірілгенін жеткізді.

«Қолданушыларға интернет желісінен заңға қайшы болып көрінетін әлеуметтік желідегі топтар мен интернет-ресурстарды көрген кезде шағымдануға болатын мүмкіндіктер жасалды. Келіп түскен шағымдар бойынша орналастырылған материалдарға құқықтық бағалау жасалып, оны бұғаттау немесе өшіру бойынша шаралар қолданылады», - дейді ол.

Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын және Үкіметтің бақылауында екенін жазды.

Соңғы жаңалықтар