Елімізде автокөлік ұрлығы өршіп тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 8 айында елімізде 1 733 автокөлік ұрланып, оның 233-і ғана табылған. Мұндай деректі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сіздің атыңызға сауал жолдауымыз, көлік ұрлығынан жәбір шеккен азаматтарымыздың өтініштері себеп болып отыр. ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметіне сәйкес соңғы 2 жыл және 2020 жылдың 8 айы ішінде 5 132 көлік ұрланып, оның ішінде тек қана 1 922 көлік иелеріне қайтарылды. Жалпы, кімнің болса да автокөлігінің жоғалуы және оның табылмай кетуі, жәбірленген жанұя үшін ауыр тиетіні белгілі. Статистикаға қарағанда 2019 жылы 1 490 автокөлік ұрланып, оның 671-і ғана табылған. Ал осы жылдың 8 айында 1 733 автокөлік ұрланып, 233 ғана табылып отыр», - деді депутат.

Оның атап өтуінше, мұндай көрсеткішке себептердің бірі автокөлік құралдарын екінші реттік есепке алу немесе шешу кезінде автокөліктің шанағы мен қозғалтқышының нөмірлік белгілерін визуалды тексеру жүргізуді алып тастау болды. Соңғы 2 жыл және 2020 жылдың 8 айы ішінде екі реттік санаққа қойылған көліктердің саны 2 325 820 құраған.

Осыған орай депутат шанақтың және қозғалтқыштың нөмерлік белгілерінің түпнұсқалығы бөлігінде және көлікті екінші реттік қайта тіркеу кезінде сәйкестігін тексеруді қайта іске асыру мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.


Соңғы жаңалықтар