Елімізде ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайтын көшбасшы өңірлер аталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша көшбасшы және артта қалған өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сегіз айдың қорытындысы бойынша кейбір көрсеткіштер төмендеді. Дегенмен, мал шаруашылығында өсім жақсы. Өсім шамамен 4 пайызға жуықтайды. Ал мына егін шаруашылығында ауа-райына байланысты мәселе туындап отыр. Өйткені, былтыр 1 қыркүйек кезінде 40 пайыз егіс жиналып қойған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 17 пайызды құрап отыр. Қазір енді ауа райы тұрақталса, бұл көрсеткішті түзейміз деген ойдамын», - дейді ол бүгінгі Үкімет отырысында.

Өмірзақ Шөкеев сонымен қатар, мал шаруашылығында кейбір облыстарда әлі де мәселелер барын атап өтті.

«Асыл тұқымдандыру бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысы 38 пайыз, Қарағанды 27 пайыздық керсеткіштерге жетсе, Қостанай, СҚО секілді өңірлер 13 пайызды көрсетіп отыр. Экспорт бойынша былтырғы көрсеткіштерден гөрі биыл көп жақсы. Былтыр жыл бойы 5 мың тонна өнім экспортталса, қазір 8 айдың қорытындысы бойынша 7290 тонна өнім экспортталды. Биылғы индикатор - 15 мың тонна. Ол мақсатқа жетеміз деген ойдамын», - деді министр.

Премьер-министрдің орынбасары сонымен қатар, ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша көшбасшы және артта қалған өңірлер туралы айтып берді.

«Түркістан облысы тапсырманы 150 пайызға орындаса, Павлодар облысы 83 пайызға, БҚО 58 пайызға орындаса, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары 7-8 пайыздық көрсеткішті көрсетіп отыр. Біз апта сайын селекторлық бақылау өткізіп, мәселені бақылауда ұстап отырмыз. Облыс әкімдерінің орынбасарларымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, облыс әкімдерінің өздері бұл мәселені жіті қадағалауы тиіс деп ойлаймын», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар