Елімізде әуежайлар маңында 1 200-ден астам жер учаскесі заңсыз берілген - министр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде әуежайлар маңында 1 200-ден астам жер учаскесі заңсыз берілген. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия жне инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас прокуратураның тексеріс жүргізуі барысында әуежайлардың санитарлық-қорғау аймағының шекарасында жергілікті атқарушы органдардың 1 200-ге жуық учаске бергені анықталды. Оларда 900-ден астам ғимарат салынған. Сондай-ақ, аэродром маңындағы аумақтарда, әуежай комиссияларының келісімінсіз 100 мыңнан астам түрлі объектілерді салу фактілері бар. Заңсыз құрылыс салу бойынша неғұрлым күрделі жағдай Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларында байқалады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, аэродром маңы аумақтарын пайдалану бойынша нақты талаптарды белгілеу мақсатында аэродром айналасында орналасқан жер учаскелеріне құқықтар беру тәртібіне түзетулер енгізілді.

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметтерге рұқсат беру құзыреті берілген. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер учаскелерін беру кезінде заңнама талаптарын сақтау жөнінде пәрменді іс-шаралар қабылдауы, сондай-ақ бұрын тұрғызылған заңсыз құрылыстар бойынша тиісті іс-шаралар атқаруы қажет», - деді Марат Қарабаев.

Осыған дейін авиаотын тапшылығы азаматтық авиацияның дамуын тежеп отырғанын жаздық.


Соңғы жаңалықтар