Елімізде аналар мен әжелерді футбол ойнауға тартатын жоба іске қосылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы және QJ League президенті Рохус Шох елімізде қыздар арасында жасөспірімдер лигасын құру бастамасы жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыздар арасында футболдан жасөспірімдер лигасын құру 2025 жылға жоспарланып отыр. Ол үшін U-17 форматы таңдалады. Алдын ала болжам бойынша 10-12 команда қатысады»,-деді Рохус Шох елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Өз кезегінде Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов футбол спортына аналар мен әжелерді тарту жоспары туралы айтты.

«Бұл мүлдем жаңа жоба. Өткен жылы біз әйелдер футболының не екенін, оны дамыту жолдарын зерттедік. Былай қарасаң, елімізде әйелдер футболы бар да, жоқ та сияқты. Біз әйелдерге арналған ауқымды футбол бағдарламасын дайындап жатырмыз. Бағдарлама тек қыздар мен кәсіби футболшыларға ғана емес, сонымен қатар футболға құмар аналар мен әжелерге де арналады», - дейді футбол федерациясының басшысы.

Оның айтуынша, аналар мен әжелерге арналған футбол бағдарламасы биыл немесе келесі жылы іске қосылады.

«Бұл жерде бірінші мәселе – мамандар. Себебі, оған басқа жаттықтырушылар, басқа тәсіл керек. Өйткені, футбол түрі өзгеше. Егер дайындық жұмыстарын биыл аяқтасақ, жобаны бастаймыз. Егер үлгермесек келер жылы жариялаймыз деп ойлаймын», - деді Ә. Барменқұлов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде футболдан жаңа жасөспірімдер лигасы құрылды.

Спорт және дене шынықтыру комитеті басшысының мәлімдеуінше, елімізде 800 мыңнан астам адам футболмен жүйелі айналысады.


Соңғы жаңалықтар