Елімізде алғаш рет ерекше балалардың спартакиадасы өтуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ерекше балаларға арналған «Make it possible» атты республикалық спартакиада өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін министрліктің ұйымдастыруымен елімізде алғаш рет ерекше күтімді талап ететін балалар мен асыраушысыз қалған балалар арасында республикалық спартакиада басталды. Бұл идеяны қоғам белсенділері ұсынды, біз өз кезегімізде биылғы жастар жылы аясында өткізуді жөн көрдік. Спартакиадаға еліміздің 8 өңірінен 300-ге жуық бала қатысып жатыр. Жас ерекшеліктері 13 пен 17 жастағы жасөспірімдер. Спартакиада жас ерекшеліктеріне қарай, спорттың 5 түрінен өтеді. Жалпы шараның мақсаты – жай спортпен қатар, параспортты дамыту және кеңінен насихаттау», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және денешынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.

Айтулы бәсекеде жас спортшылар шағын футбол, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі және армрестлингтен бақ сынайды.

«Менің жасым 15-те мен Қаратау қаласынан келдім. Бүгінгі жарыста қолкүрестен қатысамын. Бұған дейін облыстық жарысқа қатысып 3 орын иелендім. Спорттан басқа мәнерлеп оқығанды жақсы көремін», - деді Жамбыл облысы, Қаратау қаласынан келген спортшы Әсемай Әшімбек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс 2 күнге созылады және алдағы уақытта жыл сайын өткізілетін болады.

«Параспортпен біздің балалар тұрақты түрде 3 жыл айналысып жатыр. Әсемайға ДЦП диагнозы қойылған, бірақ соған қарамастан өмір сүру мен сопртпен шұғылдануға деген құлшынысы жоғары. Біздің облыстан 6 бала келді, олар спорттың 3 түрінен жарысқа түседі. Балалардың дамуына жақсы әсер ететін осындай жарыстар ұйымдастырылса дейміз, ұйымдастырушыларға рахмет», - деді жамбылдық спортшылардың жаттықтырушысы Салтанат Расылханова.

Соңғы жаңалықтар