Елімізде алғаш рет 3 тілде туристік ақпарат беретін трансляция іске қосылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласының «Тараз-Алматы» және «Тараз-Шымкент» тасжолындағы кіреберісіне орнатылған 88,8 FM радиотолқынында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде туристік ақпарат беретін аудиороликтер трансляциясы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба елімізде алғаш рет облыстық туризм басқармасының бастамасымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында жүзеге асып отыр. Сонымен қатар, облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде орнатылған «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы туристік нысандар туралы ақпарат таратпақ. Бұл туралы аталған басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова айтып берді.

«Бұл қосымша туристер мен қонақтарға облыстағы негізгі 33 тарихи-мәдени объекті мен қонақ үйлер, тамақтану орындары, шипажайлар және демалыс орындары туралы 5 тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде ақпарат алу мақсатында әзірленді. Шетелден келген туристер қосымшадағы сөйлеу сөздігімен және экскурсиялық маршруттарды құрып беретін интерактивті картаны қолданып, әр объектіде қойылған арнайы QR-кодтарын өздерінің мобильді телефонына сканерлеу арқылы аудиогидті тыңдап, толық ақпарат тыңдауға мүмкіндігі бар», - дейді Қарлығаш Аралбекова.

Айта кету керек, 88.8 FM туристік радиотолқыны Тараз қаласына кіреберістен 4 км радиуста ұстайды.

Соңғы жаңалықтар