Елімізде әлеуметтік маңыздағы өнімдермен қамтамасыз ету деңгейі қандай

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде азық-түлік топтамасындағы әлеуметтік маңыздағы 6 тауар бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан аз. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуіне тоқталсақ, ішкі нарықты отандық өндіріс есебінен азық-түлік тауарларының 29 негізгі түрімен (әлеуметтік маңыздағы) қамтамасыз ету ескерілген. 11 тауарлық позиция бойынша 100 пайыз және одан астам (картоп, қияр, бидай ұны, нан, күріш, макарон, қарақұмық жармасы, сүт, қой еті, тауық жұмыртқасы, тұз) деңгейде. Азық-түліктің 12 түрі бойынша қамтамасыз ету 80 пайыз және одан артық шамада (сәбіз, пияз, қырыққабат, асханалық қызылша, бұрыш, қызанақ, күнбағыс майы, ашытылған сүт өнімдері, сары май, жылқы еті, сиыр еті)», - делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар, 6 тауар бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 пайыздан аз болып тұр. Атап айтқанда, бұл өнімдер арасында алма (74%), құс еті (65,4%), шұжық өнімдері (56,4%), ірімшік және сүзбе (56%), қант (43%), балық (66%) сияқты тауарлар бар.

Осы азық-түлік тауарларының импортын алмастыру және агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мақсатында ҚР Үкіметі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және АӨК-ді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасын іске асырып жатыр.

Олардың негізгі міндеттері ретінде мына бағыттар айқындалған:

- ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру;

- азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша елдің өзін-өзі қамтамасыз етуіне қол жеткізу;

- АӨК өнімдерінің экспортын онда өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, 2 есеге ұлғайту;

- 7 ірі экожүйені қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру.

«Осы міндеттерді шешу үшін қаржыландыруды арттыруды, жер қатынастарын дамытуды және саланы цифрландыруды, аграрлық ғылым мен білімді жетілдіруді, ветеринариялық әрі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін іс-шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. Бұл бағдарламалық құжаттарда ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіруге басымдық берілген. Сонмыне қатар, қайта өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйені қалыптастыру ескерілген. Бұл қосылған құны жоғары түпкі қазақстандық өнімді құруға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартуға мүмкіндік береді», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты бірқатар мәселені көтерген болатын.

Айта кетейік, Қазақстан құс еті импортына тәуелділікті 35 пайызға дейін төмендетті .


Соңғы жаңалықтар