Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік жобасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік ілкі жобасы әзірленіп жатыр. Мұндай пікірді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге азаматтық қоғамды дамытудың замануи тәсілдерін енгізу бойынша тың міндет жүктеліп отыр. Оған таяуда 2025 жылға дейін Қазақстандағы Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының қабылдануы дәлел бола алады. Онда азаматтық қоғамды және оның институттарын дамыту үшін жағдай жасау, болып жатқан қоғамдық-саяси процестерді, экономикалық бәсекелестікті, азаматтық белсенділіктің түрлі формалары мен әдістерін ескере отырып, азаматтарды мемлекет пен қоғамның негізгі міндеттерін шешуге тарту шаралары көзделген», - деді ол «Даму тарихы: іштей көзқарас» атты 11-ші жыл сайынғы халықаралық конференциясында.

Оның атап өтуінше, аталған тұжырымдама жұмысының тиімділігін күшейту үшін мемлекеттің қоғамдық ұйымдармен бірлескен жүйелі жұмысы қажет. Күш біріккенде ғана жаңа буынның құзіретті, тұрақты әрі бәсекеге қабілетті үкіметтік емес ұйымын құруға болады.

«Бұған қоса, біз үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына инновациялық тәсілдер енгізу жұмыстарына бастамашалық жасадық. Оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) тұрақтылығын арттыру, тұрақты негізде бизнестің ҮЕҰ-лармен өзара іс-қимылын жолға қою кіреді. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың міндеттерін арттыру бойынша негізгі мақсаттар жүзеге асырылып, Әлеуметтік кәсіпкерлік ілкі жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жоба әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамытуға нақты ұсыныстар қалыптастыру мүмкіндігін береді. Ілкі жобада Үкіметтік емес ұйымдар арасында осы бағытты дамытудың мұнан арғы қадамдары көрініс табады», - деді комитет төрағасы.


Соңғы жаңалықтар