Елімізде ағашты заңсыз кесу әрекеттеріне жауапкершілік күшейтілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобалары аясында ұлттық парктерді және басқа да табиғи байлықтарды қорғау мақсатында тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметінше, бұл құжат ҚР Президентінің 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген Құқық бұзушыларды әкімшілік және қылмыстық қудалауды күшейте отырып, Қазақстанның табиғи байлығын қорғауды көздейтін құқықтық шараларды дайындау жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Заң аясында Қазақстанның ұлттық саябақтарын және басқа да табиғи байлығын экологиялық залалдардан: жерді бүлдіруден, ағаштарды заңсыз кесуден, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану режимін бұзудан, жер қойнауын өз бетінше пайдаланудан және қоршаған ортаға қоғамдық қауіп төндіретін өзге де іс-әрекеттерден қорғайтын құқықтық нормалар белгіленеді.

Экологиялық залал үшін жауаптылықты күшейту мақсатында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кескені, жойғаны немесе зақымдағаны, жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны әрі басқа да құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауаптылық деңгейі артты. Сондай-ақ вандализм көріністері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жауаптылықты қатаңдату көзделген.

Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар