Елімізде АЭА-ға жер учаскелерін берудің жаңа тетігі енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының негізгі реформаларына Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриалды аймақ қатысушыларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмін енгізу; Индустриалды аймақ қызметін құқықтық реттеу; қызметтің басым түрлері тізіміне қосымша қызмет түрлерін енгізу тәртібін қайта қарау;  Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриалды аймақты басқарушы компаниялардың қызметін қаржыландыру мүмкіндігі; басқарушы компаниялармен мақсатты индикаторлардан тұратын даму стратегиясын әзірлеу талаптары жатады.

«Басқарушы компаниялардан Арнайы экономикалық аймақтар мен Индустриалды аймақ қатысушыларына жер учаскелерін ұсынудың жаңа механизмі енгізіледі. Бүгінде қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, жер учаскесін алу процесі күрделі. Оған шамамен 6-9 ай уақыт кетеді. Соның салдарынан жобаларды іске қосу мерзімі созылады. Инвесторлар да уақыт жоғалтады. Соңында материалдық шығынға ұшырайды», - деп тоқталды ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Осыған байланысты заң жобасы қатысушылардың қысқа мерзімде және жеңіл процедуралар арқылы жер учаскелерін алу тәртібін оңтайландыруға бағытталған.

Сонымен қатар, құжат аясында рұқсат етілген қызмет түрлерін анықтау тәртібі қайта қаралды.

«Заң жобасында АЭА-ның ерекше құқықтық режімi басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн әзiрлеу мен бекiтуде уәкiлеттi органның құзыреті кеңейтіледі. Сонымен қатар, бұл тізімдер Арнайы комиссия арқылы өзектендіріледі. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар кіреді. Арнайы комиссияның оң шешімі негізінде Экономикалық қызметтің жалпы классификаторына сәйкес, Арнайы экономикалық аймақ үшін рұқсат етілген қызмет түрлері тізімін анықтау бойынша Уәкілетті органның бұйрығына өзгертулер енгізіледі», - деді министр.

Индустриялық аймақтардың қызметін реттеу мәселесіне тоқталған Ж. Қасымбек «Индустриялық аймақ қызметі Кәсіпкерлік Кодексте бекітілген және онда тек түсінік берілген. Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында Индустриалды аймақтарды қаржыландыру тетігі белгіленген. Бұдан бөлек, инфрақұрылым құрылысы саясатына, қаржыландыруға жауап беретін бірыңғай мемлекеттік орган жоқ. Осыған байланысты, заң жобасында Индустриялық аймақтардың және оларды басқарушы компаниялардың қызметі реттелді. Сонымен қатар, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялды аймақ қызметін реттейтін уәкілетті орган ретінде белгіленді», - деді.

Белгілі болғандай, заң жобасында Индустриялық аймақтар  республикалық және өңірлік маңыздағы, шағын және жеке индустриялық аймақтар болып бөлінді. Республикалық және өңірлік маңыздағы Индустриалды аймақтар жергілікті атқарушы органның шешімімен құрылатын болады. Заңнамаға сәйкес, жеке Индустриялық аймақтарды заңды немесе жеке тұлғалар өз қаражаттары есебінен құра алады.  Олар Индустриялық аймақ құру тұжырымдамасын жергілікті атқарушы органмен келісетін болады.

«Заң жобасын қабылдау Арнайы экокномикалық аймақтар мен Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыруға, 2022-ші жылға дейін қосымша 10 мың жұмыс орнын ашуға және 150-ден астам жаңа жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді», - деді Жеңіс Қасымбек. 

Соңғы жаңалықтар