Елімізде 854 мектепте ауладағы дәретхана мәселесі шешілмей тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы 37 мектепте дәретхана мәселесі шешілмей тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 30-шы отырысында осындай мәлімет айтты. Әуелі ол елдегі білім ошақтарының бейнекамералармен жабдықталуына тоқталды.

«2020 жылдың соңында республикамыздың 1602 мектебінде бірлескен бұйрықтың талаптарына сәйкес келмеген 83 мектепте кемшілік жойылды. Дегенмен, әлі де 1519 мектептің мәселесі шешілмей отыр. Оның ішінде Түркістан облысында 687 мектеп, Алматы облысында 427, Алматы қаласында 205 мектепте кемшіліктер сақталуда. Бұл статистика осы өңірлердегі білім ұйымдардағы бейнекамералар аталған бұйрық талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетеді», - комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, елдегі мектептердің басым бөлігінде жылы дәретханалар орнатылғанымен, ауладағы дәретхананы пайдалану тыйылмай тұр.

«2020 жылдың басында еліміздің орта білім беру ұйымдарында 2700 аула дәретханасы болған. 2021 жылдың басында олардың саны 148-ге дейін азайды. 2021 жылдың І тоқсанында тағы 13 жылы дәретхана орнатылды. Оның 12-сі Түркістан облысында, біреуі Алматы облысында салынды. Әлі де 135 мектепте аула дәретханасы жұмыс істеп тұр. Олардың 98-інде 2021 жылы жылы дәретхана орнату жоспарланған. Республиканың 37 мектебінде жылы дәретхана орнату жұмыстары жүргізілмей жатыр», - деген Гүлзат Көбенова мәселеге қырын қарап отырған өңірлерді атады.

Яғни, Алматы облысының Жамбыл, Қарасай, Көксу, Панфилов, Талғар, Еңбекші қазақ аудандарындағы 18 мектепте жылы дәретханалар қашан орнатылатыны белгісіз. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай және Алтай аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Қазталов, Жаңақала аудандарында, Қарағанды облысының Шет ауданында да осындай проблема бар.

«Барлығы 2631 мектепте жылы дәретханалармен қатар аула дәретханалары да жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде бүгінгі күні 1381 мектепте сыртқы дәретханалар толық жойылды. Тағы 396 мектепте аула дәретханасын жою жсопарланған. Дегенмен, 854 мектепте бұл мәселе әлі шешілмеген. Жергілікті атқарушы органдарға бұл мәселеге тағы назар аудару қажет», - деді министрлік өкілі.

Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы балабақшаларада да жылы дәретхана проблемасы бар екенін еске салды.

«Түркістан облысында 4-5 жастағы балалары ауладағы дәретханаға баратын 199 ұйым бар екен. Әкімдік бұл мәселеі бүгінге дейін шешпей отыр», - деді Гүлзат Көбенова.


Соңғы жаңалықтар