Елімізде 70 мың әйел - кәсіпкер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан әйелдерінің белсенділігі күн сайын артып келеді, оны өздеріңіз байқаған боларсыздар. 

Бүгінгі таңда кәсіпкерліктегі әйелдер үлесі шамамен 50% құрайды, ал оның  мемлекеттің жалпы ішкі өнімін құраудағы салымы ­- 40%.  Мұндай жақсы көрсеткіш Елбасы жүргізіп отырған саясат пен мемлекеттік қолдаудың арқасында орын алып отыр. Оған қоса, статистика бойынша әйел кәсіпкерлер қаржылық, несиелік және салықтық тәртіптің жоғары деңгейін көрсетуде. Өйткені, әйелдер жаратылысынан барынша жауапты, жинақы, тәртіпшіл. Олар - тым пысық қауым, соның арқасында кез-келген жұмысты аяғына дейін жеткізе алады. Төзім мен шыдам да әйел табиғатына жат нәрсе емес. Мұның барлығы - адам баласы үшін де,  қоғам үшін де өте маңызды қасиеттер. 

Әрине қай салада болмасын ер азаматтарға қарағанда әйелдер ұжымдағы жағдайды жақсы түсіне алады - ол құпия емес. Қызметкерлер арасындағы өзара қарым-қатынасқа да олар мұқият қарайды. Ал әкімшілендіру жағынан алсақ, әйелдер қауымы бұл қызметте өзінің тыңғылықты жұмысымен ерекшеленеді. 

Қазіргі заман әйелдері үшін үйде отырып, бала және отбасы күтімімен ғана айналысу жеткіліксіз. Бүгінгі әйел белсенді болуы керек, ең бастысы қазір олардың таланты мен мүмкіндіктерін ашуға жағдай жасалуы керек. Осы тұрғыдан алғанда әйелдер қауымы еліміздің іске қосылмаған резервтерін жандандыруда мықты рөл атқара алады.

Әйел қауымының бүгінгі таңда кәсіпкерлікке белсене ат салысуының тағы бір негізгі себебі мемлекеттің кәсіпкерлерге мейлінше көңіл бөліп отырғандығында болса керек.  Оларға көрсетілетін көмек шаралары да жеткілікті.

Екі жыл қатарынан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерге қаржылық емес қолдау жасап, көмек қолын созып келеді. Осы уақыт аралығында ақпараттық қамтамасыз ету бойынша моноқалалар мен аудандарда 45 мыңнан астам әйелдерге мағлұмат берілген. 10 мың адам практикалық кеңес алған.

Сонымен бірге ҰКП Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет 2016 жылы пилоттық режимде Қазақстанның 6 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы Өңірлік кеңестер осы жобаның жүзеге асырылуында белсенді жұмыс атқарып келеді.

Бизнеске сервистік қолдау көрсету бойынша өткен жылы әйелдерге 18 мың қызмет көрсетілген. «Бизнес-мектеп» қызметі аясында 80 мың әйел оқытылған.

Әйелдер қауымы өз ісін бастауда көп уақытқа дейін үрей мен қорқыныш сезімдерінің құшағында болады. Сол себепті оларға бастапқы уақытта әрдайым көмек пен қолдау өте қажет. Әйелдер үшін қаржылық көмектен бөлек, ішкі күш-жігерін қайрап, рухани қолдау білдіру - бәрінен де маңызды.

Іскер әйелдер кеңесі секілді алаңдар бизнестегі кәсіпкерлер үшін керемет мүмкіндік. Онда іскер ханымдар өздерінің тәжірибелерімен бөлісе алады, бизнестегі жетістіктері туралы сырласу үшін де мұндай алаңдардың маңызы зор.  

Осы орайда, былтырҚазақстанда  тұңғыш рет Women's Entrepreneurship Day , яғни әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған ғаламдық бастама тұңғыш рет аталып өткендігін айта кету керек.

Іскер әйелдер күні (WED) - бұл кәсіпкерлікке қаржылай қолдау көрсетудің  бүкіләлемдік кең ауқымды бастамасы. Бүгінгі таңда WED халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған қауымына қолдау көрсету үшін 4 млрд. әйелдің өз мақсатына қол жеткізуіне әсер етті. Сондай-ақ, WED «Әйелдерді қолда» (#ChooseWOMEN) шарасының бастамашысы болып табылады. Бұл - әлеуметтік медиа, оған қоса БАҚ  арқылы әйелдер бизнесін қолдауға әйелдер мен ерлерді ынталандырудың негізгі  қозғаушы күші.

Аталған шара Астана қаласында 19 қараша күні аталып өтті. Бұл күні әлемнің 144 мемлекетінде 110 университетте белгіленген бір уақытта іскер әйелдерге құрмет көрсету шарасы өткені белгілі.

Әйелдер кәсіпкерлігі күнін өткізу бастамасын «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі қолдағанын ескерте кетейік.

 

Соңғы жаңалықтар