Елімізде 6 млн-нан астам адамның табысы өседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы 6,7 млн қазақстандықтың табысы өседі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің артуы мемлекеттік бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы алатын 5,1 млн адам кірісінің өсуіне әкеледі, ал ең төменгі жалақының (ЕТЖ) ұлғаюы экономиканың барлық салаларында жұмыс істейтін 1,6 млн адам кірісінің өсуін қамтамасыз етеді», - делінген министрлік ақпаратында.

Азаматтарды қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеу үшін Қазақстанда ең төменгі күнкөріс және айлық есептік көрсеткіш қолданылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді.

«Осылайша, Үкімет халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін тұрақты шаралар қабылдауда. Мәселен, 2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ЕТК мен АЕК мөлшері екі рет, жалпы алғанда 10%-ға ұлғайтылды. Биыл олар 5% индексацияланып, ЕТК және АЕК мөлшері тиісінше 34 302 теңге және 2 917 теңгені құрады», - делінген Еңбек министрлігі мәліметінде.

Айта кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын және айлық есептік көрсеткішті 5%-ға индексациялау жоспарланып отыр. Нәтижесінде, ЕТК мөлшері 36 018 теңгені, ал АЕК – 3 063 теңгені құрайды.



Соңғы жаңалықтар