Елімізде 4 мыңнан аса «сатушысыз дүкен» бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Адалдық алаңы» республикалық жобалық кеңсе қызметінің биылғы 10 айдағы қорытындысына арналған отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен кезеңде жобалық кеңселерге жүгінген 3 мыңнан астам азамат өзінің бұзылған құқықтарын толығымен қалпына келтіріп, мәселелерін оң шешті. Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қол жетімділігін арттыру үшін ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылуда (аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтер деңгейіне дейін), 686 мемлекеттік орган кабинеттік жүйеден «Open Space» форматына ауыстырылды, 3774 мемлекеттік мекеме бірінші басшыларының мемлекеттік орган ғимараттарының бірінші қабатына көшуі жүзеге асырылды. Қоғамдағы сенім атмосферасы – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюдың бір тетігі болып табылады. Ол үшін алғашқы қадамдар да жасалған, мысалы еліміз бойынша 4344 «сатушысыз дүкен» бар. Бұл өз кезегінде сатып алушыға деген сенімді білдіреді», - делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Сонымен қатар, бюджет қаражатын тиімді бөлу және үнемдеу мақсатында әкімшілік шығындарды азайту жолымен мемлекеттік органдарды, медициналық, білім беру мекемелерін трансформациялау өз жалғасын табуда.

Штат санын оңтайландыру және қайталанатын функцияларды алып тастау жолымен мемлекеттік мекемелерді трансформациялаудың табысты тәжірибесі бар.

Бүгінгі таңда «Адалдық алаңы» жобасы еліміздің барлық өңірлерінде және орталық мемлекеттік органдар деңгейінде жүзеге асырылуда. Жақын арада барлық министрліктер мен ведомстволарда «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің ашылуы күтілуде.

«Адалдық алаңы» жобасы мемлекет пен қоғам арасындағы «көпір» дегенді білдіреді, оның арқасында қоғам өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан саясат жөнінде өз көзқарасын ғана емес, оны іске асыруға тікелей қатыса алады», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев.

Айта кетейік, жобаның басты идеясы – тұрмыстық жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, парасаттылық идеологиясын ауқымды деңгейде кеңейту және қоғамдық бақылауды күшейту.

Соңғы жаңалықтар