Елімізде 37 балаға Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты есімдер берілді - ҚР Статистика агенттігі

None
None
АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елімізде 37 балаға Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты есімдер берілді.

Бұл туралы бүгін Астанадағы онлайн-конференция барысында ҚР Статистика агенттігінің басшысы Әлихан Смайылов айтты.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде Азиада мен ЕҚЫҰ Саммитіне байланысты адам есімдері де пайда болды. Самитхан деген есіммен 13 бала, Саммит деп 19 бала, Нұрсаммит деген атаумен 3 бала тіркелсе, сонымен қатар Саммитбек деп 2 балаға ат берілді. Ал Азиада деген есім 15 балаға берілген.

Соңғы жылдары Адам, Адем, Ассоль, Ливия, Қазына, Жанымсол, Талисман секілді сирек кездесетін адам аттары кездесіп жатыр.

«Биылғы қаңтар мен сәуір аралығында қыздар арасында Аружан, Аяулым, Інжу, Әмина секілді атаулар танымал есімдер ретінде тіркелді. Ал ер балалар арасында Ерасыл, Әлихан, Санжар, Нұрасыл есімдері көп таралды»,-деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, мәселен наурыз және сәуір айларында Наурыз мейрамына байланысты есімдер көбейеді. Сондай-ақ Құрбан айт кезінде де осы мейрам күніне қатысты адам аттары кең таралады.

Соңғы жаңалықтар