Елімізде 36 мыңнан астам мәдениет және өнер қызметкерінің жалақысы өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2020 жылдан бастап 36 мыңнан астам мәдениет және өнер қызметкерінің жалақысы өсті. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде министр Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру - біздің жұмысымыздың маңызды аспектілерінің бірі. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50 пайызға дейін, өңірлерде 35 пайызға дейін өсті. Жалпы, шамамен 36,4 мың адамның, оның ішінде республикалық деңгейде 3 мыңға жуық, өңірлерде 31 мыңнан астам адамның жалақысы өсті», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25 пайызға ұлғаяды (2020 жылы – 25 пайыз, 2021 жылы – 50 пайыз, 2022 жылы-75 пайыз, 2023 жылы-100 пайызға).

«Негізінен жаттықтырушы-оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат-колледждері мен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Бұдан басқа спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, дене шынықтыру және спорт жөніндегі Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының қызметкерлеріне, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100 пайыз мөлшерінде жаңа қосымша ақылар белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есе өсті», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар