Елімізде 35 мың адам көмір өнеркәсібі саласында қызмет етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары көмір өнеркәсібі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Жыл сайын тамыздың соңғы жексенбісіне келетін Шахтерлер күнін елорда жұрты да атап өтті. Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиын алдында қатысушылар жұмыс барысында қаза тапқан шахтерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев шахтерлерді құттықтап, Қазақстанның кенді өңірлерінде еңбектеніп жатқан 19 кәсіпорынның қызметкерлеріне «Шахтер даңқы», «Еңбек даңқы», «Кенші даңқы», «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» төсбелгілерін табыс етті.

«Еліміздің көмір өндірісі кешені дамып, бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Кеншілердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Келешекте де алдыңғы буынның тәжірибесіне сүйене отырып, алда тұрған міндеттерді табысты атқаратындарыңызға сенемін», - деді Тимур Тоқтабаев.

Оның айтуынша, көмір саласы электр энергиясы өндірісінің 70 пайызын, кокс-химия өндірісінің 100 пайызын қамтамасыз етеді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады. Көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің саны шамамен 35 мың адамды құрайды.

Кәсіби мерекеге орай Қазақстан бойынша 62 марапатталған. Олардың ішінде «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» атағын «Майкубен Вест» ЖШС бас механигі Марат Қуатұлы Кирмандаев иеленсе, «Шұбаркөл Көмір» АҚ техникалық бөлімінің бастығы Владимир Николаевич Косицин «Шахтер даңқы» атағыниеленді. Ал «Еңбек Даңқы» марапаты «Богатырь Комир» ЖШС-нің оқу-курстық комбинаты бастығының орынбасары Елена Михаиловна Кузнецоваға берілді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары 2,6 млрд. тоннадан астам көмір өндірген. Оның 0,8 млрд тоннаға жуығы экспортталды. Көмір қоры бойынша Қазақстан әлемдегі он елдің қатарына кіреді. Барланған көмір қорының 90% астамы Қазақстанның солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде шоғырланған.

Соңғы жаңалықтар