Елімізде 300 мыңнан астам рәсімделмеген шетелдік көлік бар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет кулуарында елімізде рәсімделмеген 300 мың шетелдік көлік бар екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент соңғы Жолдауында 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға кірген шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге рұқсат берген еді. Оның мөлшері 200-250 мың теңгеден аспауы керек. Мұны жүзеге асыру үшін заңнама әзірлеп, 2 заңға өзгеріс енгізуіміз керек. Бұл – Салық және Экология кодекстері. Әріптестеріміз заң жобаларын дайындап жатыр. Олар дайын болғанда біз құқықтық нормативтік актіні қабылдаймыз. Қазақстанда 300 мыңнан аса шетелдік көлік бар. Заң қабылданғаннан кейін жұмысты бастаймыз», - деді Марат Ахметжанов.

Айтуынша, бұл мәселені толыққанды реттеу үшін екі бірдей кодекске өзгеріс енгізу керек.

«Заңды біз дайындап жатқан жоқпыз. Әріптестерім дайындап жатыр. Салық пен Экология кодекстеріне енгізілетін тиісті өзгерістерді өкілетті министрліктер дайындап жатыр. Президенттің тапсырмасы бар. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданады деп жоспарланып отыр. Заң қабылданған соң ережені дайындаймыз, яғни, көліктерді қалай заңдастыруға болатынын пысықтаймыз», - деді Ішкі істер министрі.


Соңғы жаңалықтар