Елімізде 200-ден астам мәслихат болса, ондағы жастардың үлесі 2% қана - саясаттанушы

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына «Nur Otan» партиясы жақтастар лигасының бақылаушысы, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов келіп, азаматтық белсенділермен және праймеризге кандидаттармен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Петропавлда ғана кездесу өткізбей, Қызылжар, Мамлют, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандарына баруды жоспарлап отыр. Онда ол халықтың праймеризге көзқарасын біліп, партияішілік іріктеу кезінде қандай проблемалар бар екенін анықтамақ.

Сарапшының айтуынша, партиялық праймериздің басты ерекшеліктерінің бірі - өкілетті органдарда әйелдер мен жастардың өкілдік ету квотасын сақтау. Яғни мәслихаттардағы депутаттардың 30 % әйелдер және 20 % жастар құрауы тиіс. Осы талаптың орындалуын бақылау үшін «Nur Otan» партиясында жақтастар лигасы құрылды.

«Өңірлерде бір үлкен мәселе бар: жылдан жылға бұрынғы депутаттар мәслихатқа барады, бұл депутаттарды халық білмейді. Мәселелерді жаңа көзқараспен шешу үшін, депутаттық корпусты жаңарту қажет. Қазір республикада 216 мәслихат жұмыс істейді, онда жастардың үлесі тек 2 % ғана», - дейді Қазбек Майгелдинов.


Саясаттанушының айтуынша, бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы 28 депутаттың ішінде 35 жасқа дейінгі бірде-бір жас жігіт жоқ. Соңдай-ақ, мұндағы әйелдер үлесі тек 2 %-ті құрайды.

«Праймериз жастар өзекті мәселелерді шешу үшін, жергілікті өкілетті органдарға кіру мүмкіндігіне ие болу үшін қарастырылған. Ал елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға әйелдерге 30 % квота бар», - дейді саясаттанушы.

«Nur Otan» партиясының жақтаушылар лигасы праймериздің барлық нормалары мен ережелерін сақтау мақсатында құрылды. Сонымен қатар, Қазбек Майгелдинов атап өткендей, партияішілік іріктеудің барлық кезеңдерінде адалдықты, ашықтық пен әділеттілікті сақтау аса маңызды.


Соңғы жаңалықтар