Елімізде 2 айға созылатын «Мектепке жол» атты республикалық акция басталды

None
None
АСТАНА. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде 2 айға созылатын «Мектепке жол» атты республикалық акция басталды. Бұл туралы бүгін аталған шараға орай өткізілген баспасөз мәслихаты барысында Астана қалалық білім департаментінің бастығы Әсима Бимендина мәлім етті.

Оның атап өтуінше, бұл шара жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсету, оқушылардың түрлі себептермен сабаққа келмей қалуының алдын алу және аталған себептерді анықтау мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ жиынға қатысқан Астана қалалық балалар құқығын қорғау департаментінің бастығы Рысты Жұмабекованың айтуынша, елорда орта мектептерінде білім алатын 68 мың баланың 9,5 мыңы тәуекел тобына жатады екен. Бұл деректерді әлеуметтік сауалнама негізіне сүйене отырып алға тартқан ол «статистикаға сәйкес мектептегі әрбір 10-шы бала ерекше ықыласты қажет етеді», дейді.

Баспасөз мәслихаты барысында мектеп оқушыларының сабағына қажетті құрал-жабдықтары, сондай-ақ киім-кешектері де сөз болды. Ә.Бимендинаның айтуына қарағанда, аталған акция аясында тамыз айының 15-і, 21-22-сі және 29-30-ы, яғни сенбі-жексенбі күндері қала әкімдігі алаңында мектеп жәрмеңкесі өткізілмек. «Біз бұны ата-аналардың өтініші бойынша жасап отырмыз. Ағымдағы жылы біз олардың мектепке жақсы дайындалуына жағдай жасауымыз керек», дейді департамент бастығы.

Бұл орайда әріптесінің сөзін қостаған Р.Жұмбаекова елорда дүкендеріндегі мектеп формаларының бағасы 3 мыңнан 24 мың теңге дейінгі аралықта сатылымға шығарылғанына, яғни қымбаттығына қынжылыс білдірді.

Айта кетейік, қалалық білім басқармасы бастығының атап өтуінше, жергілікті бюджеттен жалпы оқу қорына көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына және жетім балаларға материалдық көмек көрсету мақсатында 9 миллион 791 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Соңғы жаңалықтар