Елімізде 19-ғасырда салынған мектептер жұмыс істеп тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 1885-1930 жылдар аралығында салынған 37 мектеп бар. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте «Талап» қолданбалы зерттеулер оталығының сарапшысы Болат Исаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқару органдарына бағынатын 7000-нан астам мектептің 3082-сі 1931-1980 жылдар аралығында салынған. Яғни, осынша мектептің «жасы» 40 жылдан асып кеткен. Мектеп жетіспеушілігі 3 ауысымдық жүйені туындатып отыр. Жаңағы айтқан 3 мыңнан астам мектептің 21-і апаттық жағдайда тұр. Ал 1885-1930 жылдар аралығында салынған 37 мектептің нормативтік мерзімі баяғыда өтіп кеткен. 1931-1950 жыл аралығында салынған 107 мектептің тозығы жетіп тұр. Осындай инфрақұрылымдық мәселелер де білім саласына өз салқынын тигізіп отыр», - деген сарапшы балабақша қызметкерлерінің біліктілігі мәселесіне алаңдаушылық білдірді.

«Балабақша бойынша да мәселелер бар. Мектепке дейінгі білім беру ісінде көрсеткіш қуып кеттік те, бақылауды әлсіретіп алдық. Соның салдарынан кейбір балабақшаларға ыстық су жоқ болса, кейбіріне тіпті кәріз тартылмаған. Мұндай статистика әр өңірде бар. Біздің дерек бойынша, мектепке дейінгі білім ошақтарындағы педагогтардың 35 пайызында ғана арнайы білім бар. Қалған мамандардың бәрі не қайта даярланған, немесе қайта оқытылған. Бұл да білім сапассына әсер етпей қоймайды», - деді Болат Исаев.


Соңғы жаңалықтар