Елімізде 18 негізгі құрылыс материалы бойынша импорттың үлесі 50 пайыздан асқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Серік Шайдаров былтыр құрылыс материалдары 50 пайызға қымбаттағанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде құрылыстың қымбаттауы мәселесі бар. Есеп комитетінің мәліметінше, құрылыс материалдары құрылыс нысандарының сметасында тұрғын үй құнының 65 пайызын құрайды. Сондықтан нарықтағы бағаның кез келген өзгеруі, жеке құрылыс индустриясының дамуы құрылыс құнына ғана емес, сондай-ақ жалпы тұрғын үй құрылысының қарқынына да тікелей әсер етеді. Қазақстанда жоғары дәрежелі қайта өңдеу өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жеткіліксіз. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 18 негізгі құрылыс материалы бойынша импорттың үлесі 50 пайыздан асады. Бұл ретте, 2022 жылғы қаңтар-тамызда отандық нарыққа құрылыс материалдарының импорты шамамен 3 пайызға артты, яғни 799,5 млн долларды құрағанын атап өту қажет», - деді С. Шайдаров Сенаттағы Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда қаптамалы керамикалық кірпіштер (-11,5%), бетоннан жасалған материалдар (-6,7%), силикат және қож кірпіштері (-14%), құрастырмалы құрылыс конструкциялары (-3,3%), тауарлық бетон өндірістері (-13,3%) азайды.

«Кәсіпорындар жылына орта есеппен 65%-ға жүктелген кезде цемент пен әктас өндірісінде белгісіз жағдай қалыптасты. Айырмашылықты Ресейден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін импорт құрайды, бұл отандық кәсіпорындардың өз қуаттарын жүктеу мүмкіндігін шектейді. Жалпы, импорттық тізбектердің бұзылуы аясында қалыптасқан жағдай, былтыр құрылыс материалдарының барлық түрлерінің іс жүзінде 50%-ға, ал кейбір материалдар бойынша 100%-ға қымбаттауына әкелді. Бұл ретте Қазақстанда өндірістік қуаты мен жергілікті шикізаты бар екенін ескере отырып, импортты алмастыру бойынша әлеует жеткілікті. Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органның алдында құрылыс материалдарын өндіруді үдемелі дамыту міндеті тұр», - деді сенатор.

Ол үшін 157 жобаны іске асыруды көздейтін 2025 жылға дейінгі құрылыс индустриясы жобаларын егжей-тегжейлі іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді.

«Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, жоспарланған жобаларды аяқтап, жалпы ел деңгейіндегі және өңірлердегі құрылыс материалдарына деген сұранысты толық қамтамасыз етуі маңызды», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар