Елімізде 1631 адам крон ауруына шалдыққан

None
Фото: Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда крон мен ойық жаралы колит аурулары жасарып келеді. Бұл туралы Алматыда өткен дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары VII ұлттық форумда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумның мақсаты – ішектің қабыну ауруларына қарсы тұру, алдын алу, ерте анықтау, басқару және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту.

Дәрігерлер ұсынған ресми дерекке сүйенер болсақ, Қазақстанда жыл сайын IҚА ауруына шалдыққандар саны артып келеді. Егер 2018 жылы елде крон ауруы бар 555 адам және ойық жаралы колитпен 2218 адам тіркелген болса, бүгінде крон ауруы бар 1631 және ойық жаралы колитпен 7305 науқас тіркелген. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдер де бар.


Мамандардың сөзінше, ІҚА тіркелген науқастар санының өсуі сырқаттанушылықты анықтаудың жақсаруымен байланысты. Сондай-ақ, COVID-19 пандемиясының салдары, соның ішінде антибиотиктерді бақылаусыз тағайындау аурудың өсуіне ықпал етті.

Соңғы жылдары Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралар кеңінен енгізілді.

Мәселен, ішек ауруларын зерттеу жөніндегі қазақ ғылыми қоғамы (ІАЗҚҒҚ) мен кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ бірлесе отырып, ересектер мен балалар арасында ішек ауруларына күдік туындаған кезде үлкен диагностикалық маңызы бар ішектің трансабдоминальды ультрадыбыстық зерттеуін (ТУДЗ) енгізді.


«Институт базасында стационарлық және амбулаториялық пациенттер үшін IҚА мамандандырылған орталығының жұмыс істеуі үшін барлық жағдайлар жасалған. Біз диагностиканың заманауи әдістерін – ішектің ультрадыбыстық және МР энтерографиясын енгізіп жатырмыз. Биологиялық терапияға қол жетімділікті барынша арттырудамыз - бұл препараттардың арсеналы пациенттерге тәулік бойғы стационар шеңберінде де, стационарды алмастыратын көмек шеңберінде де қол жетімді», - деді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

IҚА бойынша жетекші маман Жәмилә Қайбұллаеваның сөзінше, диагностиканың инновациялық әдістерін кеңінен енгізу - үлкен жетістік, бұл ерте кезеңдерде IҚА анықтауды арттыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, сырқаттанушылықтың өсуі жинақталған мәселелерді шешуді, емдеу хаттамаларын жаңартуды, дәрігерлерді сапалы даярлауды және біліктілігін арттыруды талап етеді.

«Крон ауруы мен ойық жаралы колит өмір бойғы ауруларға жататынына қарамастан, оларды уақтылы дұрыс диагностикалау және сауатты емдеу арқылы аурудың ауыр түрге өтуіне жол бермей, тұрақты ремиссияға қол жеткізуге болады. Осының арқасында IҚА бар адамдар толыққанды өмір сүріп, еңбекке қабілеттілігін сақтай алады. Қазақстандықтарға қолжетімді диагностикалық процедуралардың кең ауқымынан басқа, әлемдік фарминдустрия ІҚА емдеу үшін үнемі жаңа, тиімді препараттар шығаруда. Қазақстанда жыл сайын осы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсарып келеді. 2013 жылдан бастап қазіргі заманғы қымбат биологиялық терапияны қоса алғанда, IҚА пациенттерін емдеуді мемлекет өтейді»,- деді ол.

Форум барысында «IҚА диагностикасы және емдеу саласындағы үздік маман» және «IҚА диагностикасы мен емдеу саласындағы үздік тәлімгер» байқауының жеңімпаздары марапаталды.

Павлодарлық гастроэнтеролог Елена Гладышева үздік маман атағын иеленсе, Астана қаласының №1 көпсалалы қалалық ауруханасының колопроктология орталығының меңгерушісі Қазыбек Ағыбаев үздік тәлімгер атанды.


Соңғы жаңалықтар