Елімізде 16 жастағы қыздарға аборт жасатуға рұқсат беріле ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетова 16 жастағы қыздарға ата-ана рұқсатынсыз аборт жасауға рұқсат беру туралы журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен аптада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кәмелеттік жасқа толмаған қазақстандықтардың 16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде аборт жасатуға рұқсат беруді ұсынған еді. Министрліктің пікірінше, бұл ерте жаста бала туу санын азайтуға көмектеседі.

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетованың айтуынша, бұл тастанды балалардың азаюына да септігін тигізбек.

«Жоспарланбаған жүктілік баланы қорғансыз күйде тастап кетудің бірден бір себебі. Біз заңнамаға енгізгелі отырған норма осы мәселелердің алдын алады», - деді Айжан Исмағамбетова Үкімет үйінде журналистерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда жасөспірімдер арасында жүктілік пен аборт статистикасы төмендеп келеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш тіпті Еуропамен салыстырып қарағанда, айтарлықтай жоғары.

«Ең алдымен ақпараттандыру және ескерту шаралары деп түсінген жөн. Бүгінде Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарда психоәлеуметтік консультациялық көмек көрсететін арнайы заңды тұлғалар, жастар ұйымдары бар. Жалпы саны 105 орталық бар. Біз жастардың осындай орталықтарға барғанын, ақыл-кеңес алғанын қалаймыз», - деп атап өтті министрлік өкілі.

Кәмелетке толмағандар үлкендердің келісімінсіз аборт жасатуының құқықтық жағына келсек, кері салдарлары үшін барлық жауапкершілікті медициналық қызметкер арқалайды.

«Құқықтық механизм заңнамада көрсетілген. Көрсетілген медициналық қызметтің сапасы үшін әрине, медициналық қызметкер жауап береді. Ал жасөспірім медициналық қызмет алуға құқылы болады», - деп түсіндірді А. Исмағамбетова.

Аталған норма әзірге талқыланып жатыр, ол «Халық денсаулығы және денсаулыуқ сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінде қарастырылған. Норма қабылданған жағдайда, жасөспірім абортқа келісім беретін құжатқа өзі қол қояды.

Соңғы жаңалықтар