Елімізде 10 мың жас сабаққа бармастан студент ретінде тіркеліп келген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында 2021 жылғы іске асқан бастамаларын санамалап, жоғары оқу орындарындағы бассыхздықтармен күрес қалай жүргенін еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім сапасы төмен 15 жоғары оқу орны жұмысын тоқтатты. Тағы оқыту сапасы нашар 65 ЖОО-дан 500-ден астам лицензия кері қайтарылды. Сондай-ақ 30 колледж жұмысын тоқтатып, тиісті деңгейде білім бермеген мамандықтар бойынша 2000 лицензия министрлікке қайтарылды.

100 мыңнан астам студент басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Сонымен қатар тексеру кезінде іс жүзінде оқытылмаған он мыңға жуық студент оқудан шығарылды. Жоғары оқу орындарында олардың құжаттары да болмаған», - деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, 2021 жылы жекеменшік мектептер саны артқан.

«Өткен жылы 170-ке жуық жекеменшік мектеп ашылды. Бұл, ең алдымен, жан басына қаржыландыруды енгізу және мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нәтижесінде жүзеге асырылды», - деп жазды министр.

Асхат Аймағамбетов желідегі жазбасында жоғары оқу орындарының басшылары конкурстық рәсім арқылы қайта тағайындалғанын атап өтті.

«Басшылыққа білікті әрі жас мамандар келді. Олардың арасында Кембридж университетінің, Пенсильвания университетінің, Назарбаев университетінің, «Болашақ» бағдарламасының және әлемнің басқа да жетекші университеттерінің түлектері бар. Сондай-ақ, әлемнің жетекші университеттерінің 20-дан астам түлегі провост және проректор болып тағайындалды. Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелері министрлік пен ведомстволық бағынышты ұйымдардағы жұмысқа белсене араласа бастады», - деді Білім және ғылым министрі.


Соңғы жаңалықтар