Елімізде 1,8 млн адам тұмауға қарсы вакцина алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республика халқының 9,5 пайызы тұмауға қарсы вакцина алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан айынан бастап тұмауға қарсы жаппай вакцина егу жүріп жатыр. Еліміз бойынша тұмауға қарсы 1 806 710 адам вакцина алды. Бұл – республика халқының 9,5%. Атап айтсақ, тұмауға қарсы вакцинаны жергілікті бюджет қаражатынан 1 758 875 адам (97,3%), жұмыс берушілер есебінен 28 295 адам (1,6%) және ақылы негізде 19 540 адам (1,1%) салдырды. Вакцина алғандар арасында 14 жасқа дейінгі балалардың саны – 392 076 (21,2%), ал ересек адамдар – 1 423 287 (78,8%)», - деді Роза Қожапова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тұмауға қарсы вакцинациядан кейін асқыну жағдайы тіркелген жоқ.

Сондай-ақ, маман аурудың алдын алу үшін келесі профилактика шараларын сақтауды ұсынды:

- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық бөлмелерге баруды шектеу;

- бөлмелерді желдету, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейту;

- қолды өңдеу үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалану;

- науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулау;

- ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдырып, ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу керек;

- медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек.


Соңғы жаңалықтар