Еліміз электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде 29-орынға ие – Бағдат Мусин
2022 жылғы 17 мамыр 17:01

Еліміз электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде 29-орынға ие – Бағдат Мусин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде 29-орынға ие. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство басшысы алдымен Faceebok әлеуметтік желісіндегі парақшасында байланыс және ақпараттандыру саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев прогрессивті көшбасшы ретінде цифрландыруды ұлттық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізудің негізгі құралы ретінде көреді. Бұл туралы ол өткен Жолдауында мәлімдеген болатын. Біз мемлекетті цифрландыру жөніндегі жұмысты жалғастырудамыз және бұл ауқымды процесс IT және телекоммуникация саласындағы кәсіби мамандарсыз жүзеге аспайтыны анық.

Цифрландыру, ең алдымен, халықтың өмірін жеңілдетуге бағытталған: қазақстандықтарды қолжетімді интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде», - деп жазды министр.

Ол еліміз электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде БҰҰ-ға мүше 193 елдің ішінде 29-орынға ие екенін де атап өткен. Үкіметтің ашық деректер индексі бойынша Қазақстан Азия елдері арасында 1-орынды иеленді.

«Жасырмаймын, бұл саланың өз проблемалары бар. Мысалы, шалғай елді мекендердің тұрғындары ұялы байланыс, интернет сапасына және т.б. шағымданады, біз бұл мәселелерді жедел шешуге тырысамыз.

IT саласы қызметкерлерінің болашағы зор. Fortune-500 тізіміндегі компаниялар ертеңін ойлап, уақытылы цифрлық даму жолын таңдаған компаниялар! Баршаңызды шын жүректен құттықтай келе, ризашылығымды жеткіземін, сіздер болашақ экономиканың негізін құрып жатырсыздар!» - дейді Бағдат Мусин.

Ол мереке қарсаңында Қазақстан ресми түрде Орталық Азиядағы Google for Startups (GfS) ұйымының алғашқы серіктесі болғанын сүйіншіледі. Министрдің пайымынша, бұл оқиға - еліміздің, сондай-ақ бүкіл IT-қоғамдастығымыздың еңбегінің мойындалуы.



Jańalyqtar

MURAǴAT