Елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты – Мемлекет басшысы
2022 жылғы 10 қаңтар 15:11

Елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты – Мемлекет басшысы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда лаңкестікке, экстремизм мен зорлық-зомбылыққа жол жоқ және егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол берілмейді. Бұл туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан азаматтарының құқығы қорғалатынын ерекше айтып өткім келеді. Біз лаңкестікке, экстремизм мен зорлық-зомбылыққа жол бермейміз. Оның үстіне Қазақстанда шабуылға еш жол жоқ. Біздің егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол берілмейді. Және Қазақстан халықаралық міндеттерін қатаң сақтайды. Құрметті достар, әріптестер, қазіргі уақытта Қазақстанда Конституциялық тәртіп қалпына келтіріліп, қайта орнады. Елге төнген қауіптің беті қайтарылды. Бүгінде лаңкестікке қарсы операция аясында елге болған жағдайға қатысы барларды анықтап, табу жұмысы жүріп жатыр. Қазірдің өзінде құзырлы орган 8 мыңға жуық адамды ұстады. Құқық қорғау органдары ұсталғандардың лаңкестікке, бұзақылыққа және кісі өліміне қаншалықты қатысы барын тексеріп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіздік кезінде кейбір бұзақылардың қарапайым тұрғын боп киініп алып, сақалын алып тастап жатқанын айтқан еді.

Айта кетейік, санаулы ғана уақыт бұрын Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы онлайн форматта өтті.

Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT