Елге тауар импорттаушылар кедендік төлемдерден қалай жалтарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік кірістер органы жұмысының басымдылығы көлеңкелі экономикаға қарсы іс-әрекет, оның ішінде әсіресе Қытайдан импортталатын мәлімделген тауарлардың шынайылығын қамтамасыз ету болып табылады.

Ағымдағы жылдың басынан бастап «АСТАНА-1» Ақпараттық жүйесінде бағаға қатысты ақпаратты автоматты түрде іздеу модулі іске қосылды. Мұнда бағалық ақпарат бағдарламамен Еуразиялық экономикалық одақтың барлық аумағы бойынша ресімделген біртекті және бірдей тауарлардың қорын мониторингілеу жолымен ұсынылады.

«Дегенмен, кедендік тазартудың барлық процестері автоматтандырылғанына қарамастан, дәйексіз декларациялау жолымен кедендік төлемдер мен салықтардың тиесілі сомасын төлеуден жалтару фактілері кездеседі», - деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кедендік әдіснама департаменті Кедендік құн және тарифтік реттеу басқармаcының басшысы Серік Суменов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері кедендік құнды бақылауды күшейтудің есебінен қосымша 10,1 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар өндірілді. Олардың 4,9 млрд теңгесі ҚХР-дан әкелінген тауарлар бойынша өндірілген.

«Тауар айналымын талдау және декларациялаудың деректер қорының мониторингі адал емес сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тауарлардың салмағы мен санын айла-амал жолымен кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтару бойынша шаралар қолданатынын көрсетті» - деді Суменов.

Мәлім етілгендей, кедендік әкелу баждарының кейбір ставкалары тауардың салмағына не санына байланысты болып келеді.

Сонымен, мониторинг жүргізудің нәтижесінде мынадай фактілер анықталды: әйелдер туфлиі декларацияда 1 жұбы үшін 3 келі болып көрсетілген. Сондай-ақ ерлер галстугінің 1 данасы 65,6 келі, кубик-рубик ойыншығының 1 данасы 15,1 келі салмақ тартатыны жазылып көрсетілген.

«Қазіргі уақытта, аталған сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты кедендік төлемдер мен салықтардың тиесілі сомасын қосымша есептеу мақсатында барлық қажетті бақылау іс-шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, болашақта аталған СЭҚҚ-мен тауарларды кедендік ресімдеу кезінде «АСТАНА-1» АЖ-дағы жасыл дәлізді қолдануға жол берілмейді. Жоғарыда айтылғандардан бөлек, аталған СЭҚҚ-ларға қатысты кедендік және салықтық бақылаудың барлық қажетті шаралары қолданылатын болады.

Шынайы декларациялауды және тауарлардың кедендік құнын бақылауды қамтамасыз ету Мемлекеттік кірістер комитеті қызметінің басты басымдығының бірі болып табылатынын атап өту қажет. Және бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», - деп қосты С.Суменов.

Соңғы жаңалықтар