Елге кіріп-шыққандарға шектеу жоқ, оның ішінде Қытаймен шекара жабылмайды - бас санитар

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитария дәрігері Айжан Есмағамбетова елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдай және шектеу шаралары жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің мәліметінше, Қазақстанда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Қараша айының соңынан бастап сырқаттанудың өсімі байқалды, желтоқсан айында сырқаттанғандардың орташа тәуліктік саны КВИ+ 200-ге дейін жетті.

Бөлінген штамдардың соңғы реттілігі республикада 100% жағдайда COVID-19 омикрон нұсқасының айналымы анықталғанын көрсетті.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңірлер жасыл аймақта орналасқан. Республика бойынша және Павлодар облысын қоспағанда, 19 өңірде инфекцияның таралу көрсеткіші (R) бірліктен төмен.

Сонымен қатар, Айжан Есмағамбетова уақтылы вакцина алу және ревакцинация, халық көп жиналатын орында бетперде тағу, адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу, қолды өңдеу үшін антисептик немесе дезинфекциялық майлық пайдалануды ұсынды.

«Елімізде және әлемде коронавируспен сырқаттанудың өсуіне байланысты қосымша шектеу шараларын енгізу туралы БАҚ-тың көптеген сұрауларын ескере отырып, Қазақстанда елге кіру кезінде де, әлемнің кез келген еліне, оның ішінде ҚХР-ға шығу кезінде де қандай да бір шектеу шараларын енгізу жоспарланбайды», - деп атап өтті бас мемлекеттік санитария дәрігері.


Соңғы жаңалықтар