Елге келіп жатқан ресейліктер тарапынан құқық бұзушылық тіркелген жоқ – министр Ахметжанов

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов елге келіп жатқан ресейліктерге қатысты бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмегенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Марат Ахметжанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізу үшін Өскемен қаласына келді. Жиын барысында азаматтардың бірі Ресейден елге келіп жатқан мигранттардың көбеюіне қатысты алаңдаушылық білдірді.

«Расымен де, соңғы жағдайларға байланысты көрші елден Қазақстанға келушілер артты. Біз құқық қорғау органы ретінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеміз. Алайда шетелдіктер тарапынан азаматтарымыздың тыныштығын бұзып, қоғамдық тәртіпті сақтамағандар анықталса онда заң шеңберінде тиісті шара қабылдаймыз», - деді ҚР Ішкі істер министрі.

Оның айтуынша, өзге мемлекеттен келгендердің барлығы Қазақстанның ішкі заңына бағынуы тиіс.

«Қазіргі уақытта ресейліктер тарапынан бірде-бір қылмыс және әкімшілік құқық бұзушылық тіркелмеді. Жалпы жыл сайын елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен 6 миллионнан астам адам келеді. Миграциялық полиция қызметкерлері өз жұмыстарын үздіксіз атқаруда. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ», - деді Марат Ахметжанов.


Соңғы жаңалықтар