Элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары - Өмірзақ Шөкеев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзінше, егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттілігі 394 мың тоннаны құрайды. 17 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 269 мың тонна дизель, яғни отынның 68 пайызы жөнелтілді.

«Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары. Бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді. Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша, базистік ылғалдылық 13,5 пайыз болғанда бастырылған астықтың 50 пайызынан астамының ылғалдылығы 20 пайыздан асады», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда қазан-қараша кезеңіне астықты кептіруге 6 облыстан 85 мың тонна қосымша дизель отыны көлемін бөлуге өтінімдер түсті.

«Энергетика министрлігінен қыркүйекте бекітілген баға деңгейінде, яғни тоннасына 181 мың теңге шекті бағамен мұнай өңдеу зауыттарынан дәнді және майлы дақылдарды кептіру үшін қосымша дизель отынын бөлу мәселесі қарастырылып жатыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар