Елена Рыбакина жұптық сында Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина жұптық сында Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге бастапқы кездесуін жапониялықтар Шуко Аояма - Ена Шибахарамен өткізді.

Қазақстандық-ресейлік жұп биыл жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен қарсыластарын ойсырата ұтты - 6:0, 6:1.

Небәрі 51 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина мен А.Павлюченкова 4 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді.

Жарыстың екінші айналымында Рыбакина мен Павлюченкова мажарстандық Тимеа Бабош - қазақстандық Анна Данилина немесе украиналық Марта Костюк - румыниялық Елена Габриэла Рузе жұптарының біреуімен шеберлік байқасады.

Елена Рыбакина жекелей сында екінші айналымда ресейлік Анна Калинскаямен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Мадрид мастерс турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.


Соңғы жаңалықтар