Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы Серена Уильямсті ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда 22-ге толатын Е.Рыбакина төртінші айналымда атақты америкалық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде рейтингте 8-сатыда тұрған 39 жастағы Серена Уильямспен кортқа шықты.

Бұл - олардың өзара алғашқы кездесуі еді. Бұған дейін қазақстандық теннисшілер С.Уильямсті жеңіп көрмеген.

Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кетті.

Бұдан кейін америкалық спортшы есепті қысқартқанымен, Е.Рыбакина қайыра брейк жасап, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.

Екінші партияны Елена брейкпен бастағанымен, тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді.

Есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бірақ өз геймінде қателікке жол берді – 4:4.

Дегенмен есеп 5:5 болғанда, тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:5. Содан кейін бірінші матчболын пайдалана білді – 7:5.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына өтті.

Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен таласады. Ол төртінші айналымда Беларусь өкілі Виктория Азаренконы 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтты.

Бір қызығы, Е.Рыбакина А.Павлюченковамен бірге Франция ашық чемпионатында жұптық сында да табысты өнер көрсетуде, олар үшінші айналымға өткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шыққанын, қазақстандық жас теннисшінің Түркиядағы жарыста жеңімпаз атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар