Елена Рыбакина Уимблдонда жартылай финалдық кездесуін өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінде жартылай финалдық кездесуін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткендей, қазақстандық теннисші бүгін елорда уақытымен сағат 20.00-де Бүкілағылшындық лаун-теннис клубының орталық кортында әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің екі мәрте чемпионы (Франция ашық чемпионаты – 2018, Уимблдон – 2019), қазіргі кезде рейтингте 18-орында тұрған румыниялық Симона Халеппен шеберлік байқасады.

Қарсыластардың бұған дейін өзара үш рет жолдары тоқайласқан. Есеп – 2:1, румыниялық спортшының пайдасында.

Е.Рыбакина 2019 жылы Уханьда (Қытай) С.Халептің матчты жалғастырудан бас тартуына байланысты жеңген еді.

Ал Симона 2020 жылы Дубайда 3:6, 6:3, 7:6 (7:5) және өткен жылы US Open жарысының үшінші айналымында 7:6 (13:11), 4:6, 6:3 есебімен басым түскен.

Соңғы екі ойын да аса тартысты өтті.

Е.Рыбакина Ұлыбритания ашық чемпионатында жартылай финалға дейін Коко Вандевеге, Бьянка Андрееску, Чжен Циньвэнь, Петра Мартич және Айла Томляновичтан айласын асырды.

Дода барысында ширек финалда ғана бір партия ұтылды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның тұңғыш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.


Фото: ktf.kz
Соңғы жаңалықтар