Елена Рыбакина Торонто турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA-1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айнылымда әлемнің 47-ракеткасы, чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, Елена 2020 жылы Римде (7:5, 7:6), биыл Аделаидада (Аустралия) 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина сәттірек ойнады – 7:5.

Екінші сетте есеп 5:5 болған мезетте М.Боузкова брейк жасап кетті – 6:5. Дегенмен Рыбакина сол бойда таразы басын теңестірді – 6:6. Тай-брейк Боузкованың пайдасына шешілді – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бастады – 1:0. Қазақстандық спортшы матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Үш сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 6 эйс жасап, 22 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Е.Рыбакина екінші айналымда қос америкалық, әлемнің 11-ракеткасы Кори Гауфф немесе рейтингте 64-сатыда тұрған Мэдисон Бренглдің біреуімен кездеседі.

Осылайша, Е.Рыбакина Уимблдонда чемпион атанғаннан кейінгі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын Сан-Хосе WTA-500 (АҚШ) жарысының бірінші айналымында ресейлік Дарья Касаткинаға жол берген еді. Кейін Д.Касаткина Сан-Хоседе жеңімпаз атанды.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 46-ракеткасы Юлия Путинцева Торонтода алғашқы айналымда рейтингте 299-орындағы канадалық Кэтрин Себовпен кортқа шығады.

Жүлде қоры 2 млн 697,250 мың долларға бағаланған Торонто додасы 14 тамызда мәреге жетеді. Өткен жылы мұнда канадалық Бьянка Андрееску озық шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өскеменде 14 жастағы қазақстандық теннисшінің негізгі турнирге өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар