Елена Рыбакина Торонто мастерс турнирінде жеңіліп қалды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто (Канада) WTA-1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы, 18 жастағы америкалық Кори Гауфпен шеберлік байқасты.

Бірінші партия барысында брейк жасаған америкалық спортшы басымдылық танытты – 6:4.

Тартысты өткен екінші сетте тай-брейкте Елена сәтті ойнай білді – 7:6 (10:8).

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға кеткенімен, К.Гауфф сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Сосын Гауфф 4:2 есебімен алға шықты. Есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенде, Рыбакина брейк жасап, сосын есепті теңестірді – 5:5. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Бұл жолы Гауфф жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 4 брейкпен көзге түсті.

Америкалық теннисші Торонто жарысының (жүлде қоры – 2 млн 697,250 мың АҚШ доллары) ширек финалына шығу үшін әлемнің 6-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко немесе рейтингте 41-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен таласады.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева екінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Чикаго турнирінің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Өскемен турнирінде қазақстандық теннисшілер өзара кездеседі.




Соңғы жаңалықтар