Елена Рыбакина Словениядағы турнирдің финалында ұтылып қалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 82-орында тұрған чехиялық Катержина Синяковамен бас жүлде үшін таласты.

Бірінші партияда Рыбакина қос брейк жасап, 5:0 есебімен алға кеткенімен, Синякованың таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды – 5:5. Бірнеше сет-пойнтты да пайдалана алмады. Дегенмен тай-брейкте қарсыласын тығырыққа тірей білді – 7:6 (7:4).

Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасағанымен, чехиялық теннисші сол бойда есе қайырды – 4:4. Бұл жолы тай-брейкте Синякова сәтті ойнады – 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші сетте К.Синякова брейкпен алға кетті – 4:2. Содан соң Е.Рыбакина есепті теңестіргенімен, чехиялық ойыншы қайта брейк жасады. Ақыры ол матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4.

Үш сағатқа созылған тартысты матчта Елена 8 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Бұған дейін Е.Рыбакина сегіз рет WTA додаларының финалына шығып, соның екеуінде ғана үздік шыққан еді.

Сонымен қатар Е.Рыбакинаның биыл Уимблдон турнирінің чемпионы атанғаны белгілі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чехиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын, Елена Рыбакинаның Словениядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ теннисші Жібек Құламбаева биылғы бесінші титулына қол жеткізді.


Соңғы жаңалықтар