Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатының 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған 20 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты.

Бұл олардың өзара бірінші кездесуі еді.

Бірінші партия соңына таман Е.Рыбакина брейк жасап, таразы басын өзіне аудара білді – 6:4.

Екінші сетте қарқынын тіпті үдетіп, қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Өткен жылы Ролан Гаррос жарысының ширек финалына дейін жеткен Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, америкалық Мэдисон Киз немесе рейтингте 79-сатыдағы франциялық Каролин Гарсияның біреуімен кездеседі.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Франция ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Ол бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге 1 сағат 52 минутқа созылған тартысты матчта жапониялықтар Эри Ходзуми – Макото Ниномияны 4:6, 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Данилина мен Майя екінші айналымда тайбэйлік Латиша Чань – аустралиялық Саманта Стосурды сынап көреді.

Қазақстанның ерлер арасында бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы, сербиялық Миомир Кецмановичпен ойнады. Осыған дейін екі кездесуде қарсыластар бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы А.Бублик матчты сәтті бастады – 6:4. Алайда қалған үш сет М.Кецмановичтің еншісінде кетті – 7:5, 6:2, 6:1. Екі сағат 15 минутқа созылған матчта А.Бублик 14 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін құр жіберген жоқ. М.Кецманович 4 эйс, 10 брейкпен көзге түсті.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Андрей Голубев екінші айналымнан аса алмады. Ол франциялық Фабрис Мартенмен бірге доданың 16-ракеткалары, үндістандық Рохан Бопанна – нидерландылық Матве Мидделкопқа жол берді – 3:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шыққанын, қазақстандық жас теннисшілердің ойнайтынын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар