Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 78-орында тұрған нидерландылық Аранча Руспен өткізді.

Осыған дейін екеуі өзара бір рет ойнап, онда тәжіибелі Рус басым түскен еді.

Бұл жолы Елена Рыбакина матчты қарқынды бастады - 6:1.

Дегенмен екінші сетте нидерландылық спортшы есе қайырды - 7:5.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші таразы басын аудара білді - 6:2.

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Қарсыласы 3 брейкке қол жеткізді.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 135-ракеткасы, америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасады.

Өткен жылы Е.Рыбакина Франция ашық чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, онда кейін финалист атанған ресейлік Анастасия Павлюченковаға жол берген еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде қазақстандық теннисшілердің алғашқы кездесулерін өткізетінін, Ярослава Шведованың Уимблдонда өнер көрсететінін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады.


Соңғы жаңалықтар