Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінде жарыс жолынан шығып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 22-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда брейк жасаған Е.Рыбакина алда болды – 6:3.

Екінші сетте қарсыласы артығымен есе қайырды – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық спортшының брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Ақыры тай-брейкте жеңіс америкалықтың еншісінде кетті – 7:6 (10:3).

Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты кездесуде Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Осылайша Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан ешкім қалған жоқ.

Өткен жылы Ролан Гаррос жарысында Е.Рыбакина ширек финалға дейін жеткен еді.

М.Киз ширек финалға шығу үшін әлемнің 29-ракеткасы, ресейлік Вероника Кудерметовамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер Қырғызстандағы жарыста үздік шықты .


Соңғы жаңалықтар