Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің төртінші айналымына өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 57-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар үш мәрте кездесіп, соның екеуінде ресейлік спортшы жеңген еді. Биыл Майами мастерс жарысында Е.Рыбакина ұтса, Мадридте А.Калинская басым түскен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда брейк жасаған ресейлік алға кетті – 3:1. Ізінше Е.Рыбакина таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 4:3. Осы мезетте А.Калинская жарақатына байланысты бәсекені жалғастырудан бас тартты. Небәрі 35 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші 3 эйс, 1 брейк жасап үлгерді.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 70-ракеткасы, чехиялық Маркета Вондроушовамен таласады. Чехиялық теннисші үшінші айналымда күтпеген жерден әлемнің 8-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 7:5, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Римде әлемнің төртінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар