Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты

None
Фото - Қазақстан теннис федерациясынан
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 70-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Мәскеу жарысында кездесіп, онда чехиялық теннисші 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте қазақстандық теннисші 4:1 есебімен алға кеткенімен, чехиялық спортшы қайыра брейк жасады. Дегенмен Елена матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Бір сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 2 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.

Осылайша, М.Вондроушовадан есе қайтарған Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингте 24-сатыдағы хорватиялық Донна Векичтің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Римде әлемнің төртінші ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина Рим мастерс турнирінің төртінші айналымына өтті.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында Рим мастерс турнирінің ширек финалына шықты.


Соңғы жаңалықтар