Елена Рыбакина Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

Фото: Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 62-ракеткасы, ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Биыл Майами мастерс жарысының екінші айналымында Е.Рыбакина А.Калинскаяны тартысты бәсекеде 7:5, 4:6, 6:3 есебімен ұтқан болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап, өз геймін де алды – 7:5.

Екінші сетте есеп 2:2 болғанда, теннисшілер брейкпен алмасты. Бұл партияны Елена тағы бір брейкпен бітірді – 6:4.

Үшінші, шешуші партияны Е.Рыбакина сәтсіз бастады – 0:2. А.Калинская тағы бір брейк жасап, есепті 5:1-ге жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.

Екі сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдалана алды. Ресейлік спортшы 9 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

А.Калинская үшінші айналымда әлемнің 33-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартич немесе рейтингте 128-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундтың біреуімен кездеседі.

Е.Рыбакина өткен жылы Мадрид мастерс жарысының үшінші айналымына дейін жеткен еді. Биыл сол жетістігін қайталай алмай, ұпайларын да жоғалтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Мадридте әлемнің бесінші ракеткасына жол берді.

Сергей Квак әлем чемпионатына жолдама алу үшін барын салатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар