Елена Рыбакина Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайды

Фото: Фото: ktf.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілердің Мадрид мастерс турнирлеріндегі қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Испания астанасында WTA 1000 және ATP 1000 жарыстары сәйкесінше 25 сәуір – 6 мамыр, 26 сәуір – 7 мамыр аралығында өтеді.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина доданы екінші айналымнан бастап, ресейлік Анна Калинская немесе чехиялық Бренда Фрухвиртованың біреуімен кездеседі.

Әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Люден өтуге тырысады.

Өткен жылы Мадридте Е.Рыбакина үшінші, Ю.Путинцева екінші айналымға дейін жеткен еді.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик рейтингте 100-сатыдағы колумбиялық Даниэль Галанмен шеберлік байқасады. Тимофей Скатов іріктеу сайыстарында бүгін италиялық Марко Чеккинатомен кортқа шығады.

Елена Рыбакинаның Штутгарт WTA 500 турнирінің екінші айналымында жамбас жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартқаны белгілі.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметіне қарағанда, Е.Рыбакинаның қазір жағдайы жақсы.

Штутгартта финалда белоруссиялық Арина Соболенконы ұтқан әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек өткен жылғы нәтижесін қайталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің Албаниядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингідегі позициясы қандай екендігі хабарланды.


Соңғы жаңалықтар