Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі кезде дүниежүзілік рейтингте 36-орында тұрған Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 17-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен күш сынасты.

Бірінші партияда алдымен брейк жасаған бельгиялық спортшы алға шықты – 2:1. Бұдан кейін қазақстандық спортшы қатарынан төрт геймді алды – 5:2. Э.Мертенс есепті қысқартқанымен, Е.Рыбакина тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4.

Екінші сетте Э.Мертенс 4:0 есебімен алға кетті. Е.Рыбакина есепті қысқарта алды – 3:4. Бірақ бельгиялық теннисші босаңси қойған жоқ – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда Е.Рыбакина брейк жасап, басымдық таныта алды – 4:1. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Бәсеке 1 сағат 57 минутқа созылды.

Е.Рыбакина финалға шығу үшін украиналық Катерина Бондаренко немесе чехиялық Кристина Плишкованың біреуімен таласады.

Бір атап өтетін жайт, 20 жасар Е.Рыбакина алдағы дүйсенбі күні жаңартылатын дүниежүзілік рейтинг бойынша Қазақстанның бірінші ракеткасы атанады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар