Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы аптадағы табысы арқасында Қазақстанның бірінші ракеткасы атанып үлгерген Е.Рыбакина жартылай финалда рейтингте 66-орында тұрған чехиялық Кристина Плишковамен кездесті.

Ойын тізгінін бірден қолға алған қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:2 есебімен басым түсті.

Екінші сетте есеп 6:5 болған мезетте Елена матчты брейкпен түйіндеді – 7:5.

Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 775 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында әлемнің 35-інші, осы турнирдің 5-ракеткасы, бұрынғы отандасы, ресейлік Екатерина Александровамен бас жүлдені сарапқа салады. Ол жартылай финалда испаниялық Гарбинье Мугурусаны 6:4, 6:3 есебімен сүріндірді. Испаниялық спортшы ширек финалда қазақстандық Зарина Диясты жеңіп кеткен болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Шэньчжэнь турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар