Елена Рыбакина Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші 2020 жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, қазіргі кезде рейтингте 170-орында тұрған америкалық Софья Кенинмен кездесті.

Е.Рыбакина тартысты бәсекеде 7:6 (8:6), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.

Екі сағат 8 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. С.Кенин эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Е.Рыбакина келесі айналымда испаниялықтар, әлемнің 22-ракеткасы Паула Бадоса немесе рейтингте 88-сатыдағы Нурия Парризас-Диастың біреуімен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған Индиан-Уэллс WTA 1000 додасы 19 наурызға дейін жалғасады. Онда өткен жылы әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 14 жасар қазақстандық теннисшінің Үндістанда өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар